"Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "№22 "Балдырған" бөбекжай - балабақшасы" МКҚК

Балабақшада «Жасыл орта – саналы ұрпақ: балабақшадағы экологиялық білім мен тәрбие» тақырыбында кезекті педагогикалық кеңес өткізілді. Педагогикалық кеңестің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі ұйым жағдайында балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарын айқындау, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті дамыту, сондай-ақ педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру болды.
Іс-шара барысында мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық тәрбиені заманауи, қызықты және тәжірибеге бағытталған әдістер арқылы жетілдіру мәселелері кеңінен қарастырылды. Педагогтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, экологиялық ойындар, зерттеу жұмыстары, шығармашылық тапсырмалар мен табиғатты қорғауға бағытталған іс-әрекеттердің тиімді жолдарын ұсынды.
Кеңес аясында балалардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру, қоршаған ортаны аялау дағдыларын қалыптастыру, күнделікті оқу-тәрбие процесіне экологиялық мазмұнды кіріктіру жолдары талқыланды. Сонымен қатар, EcoLAB, Workshop және Play&Do бағыттары бойынша ұйымдастырылатын жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Педагогикалық кеңес нәтижесінде тәрбиешілерге экологиялық тәрбиені жүйелі түрде ұйымдастыру, балалардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту және ата-аналармен бірлескен жұмыстарды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы балабақшада экологиялық сауатты, табиғатты сүйетін, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.